Елтаи? Жанар 12 D Курсты? ж?мыс


left-63500
Шымкент қаласы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
Қазіргі әлемдегі Қазақстан
Курстық жұмыс
Оқу бағдарламаға сәйкес тақырыптың бағыты:
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЖАҺАНДАНУ
Тақырып: Қазақ менталитетіндегі стереотиптердің жаһандану заманындағы Қазақстанның даму үдерісіне шектеуші фактор ретіндегі әсері қандай?
(2988 сөз)

Орындаған: Елтай Жанар_____________

Жетекші: Бейсенов Мади_____________

Ішкі модератор:_____________________
Шымкент 2016
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ3
НЕГІЗГІ БӨЛІМ3
ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСІ3
ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ ИНТЕГРАЦИЯҒА ӘСЕРІ4
2.1 Менталитет ұғымы4
2.2 Батыс және Шығыс өркениеттері арасындағы диалог4
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСІН ЗЕРТТЕУ5
3.1 Зерттеу сұрақтары5
3.2 Зерттеу әдістері5
3.3 Зерттеу қорытындысы7
3.4 Бағалау9
ҚОРЫТЫНДЫ10
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ12
КІРІСПЕ
Адамзаттың даму тарихындағы оқиғалардың аражігін ажыратып тұратын уақыт кеңістігі күн санап азайып, өзгерістер секундтармен өлшенетін заман да келіп жетті. Енді көштен қалыс қалмай, әлемдік маңызға ие алдыңғы қатарлы елдермен енгізілген стандарттарға ұмтылу дамушы мемлекеттердің басты мақсатына айнала бастады. Мұның бәрін жаһандану үдерісінің ғаламшарлық деңгейде қарқынды орын алып жатқандығының айқын көрінісі деп санауға болады.
Жаһандану (ағылш. global – әлемдік, дүниежүзілік, жалпы) – жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі.[1] Бұл үрдісті біржақты талдау мүмкін емес. Яғни не бірыңғай жағымды, не бірыңғай жағымсыз үдеріс, идеология деп кесіп айту қиын. Сол себепті жаһандану жайлы халықтың да ойы әр алуан. Біреулері жаһанданудың төл мәдениетімізді "жұтып" жатқанын айтып, дабыл қақса, екіншілері әлемдік мәдениеттің қоғамымызға сіңісуін қалыпты құбылыс деп біледі. Осы үрдістегі үкімет позициясы жайлы саясаттанушылар, экономистер, блог белсенділері, жалпы ел тұрғындары арасында қызу пікірталас жүруде.
Меніңше, бұл үдерістің ғаламшарлық деңгейде жаппай орын ала бастауының да өзіндік алғышарттары бар, яғни бұл құбылыс ерте ме кеш пе орын алуы қажет шартты нәрсе болып табылады. Сондықтан біздің мәдениетіміздің, оның субъектісі – ұлтымыздың өз даму барысында өзге ұлттармен қатар өзгерістерге ұшырайтыны, жаһанданатыны күмән тудырмайды. Тек өзге елдердің "жақсысынан үйреніп, жаманынан жирене" білсек болғаны.
Ал қазіргі ахуал маргиналдық, яғни трансформациялану кезеңі ретінде елдің әлеуметтік өмірінде, экономикасында көрініс беріп жүр. Әдетте, бұл – өте күрделі, ұлт тағдырын шешетін сындарлы тарихи кезең. Сол себепті жаһандануды тоқтатуға тырысып, уақыт ұттырмай, керісінше интеграцияланудың шектеуші факторларын анықтап, ғаламдық біртұтастықтың пайдалы жақтарын мүмкіндігінше еселеуге тырысу керек деп ойлаймын. Мұндағы басты назар еліміздің жаңа дәуірге қадам басуын аса үлкен "құрбандықсыз" қалай өткеруге болатындығы турасында болуы қажет.
Жаһандану үрдісінің орын алуы әрбір халықтың тыныс-тіршілігінде әр түрлі деңгейде, әр түрлі оқиғалардың әсерінен болады. Себебі әр халықтың даму қарқынына, ұлттық діңгегінің беріктігіне, не жаңашылдыққа бейімділігіне сол ортаның адамдарына ортақ мінез-құлық үлгілерінің жиынтығы, табиғаттағы белгілі-бір ұғымдарға деген ұжымдық көзқарастары, бір сөзбен айтқанда ұлттық менталитеттің әсері орасан.
Курстық жұмыстың басты мақсаты да осы мәселеге мейлінше ден қойып, Қазақстандағы жаһандану үдерісіне мүмкін болатын кедергілердің бірі – ұлттық менталитеттің интеграцияға бейімсіздігі, халық арасындағы жаңашылдықтан қорқу секілді кертартпа стереотиптерді анықтап, ғаламдық үдерістегі Қазақстан позициясының қандай болуы керектігін талдауға бағытталған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСІ
Жаһандану ұғымының қолданысқа енгеніне көп бола қоймаса да (1983 ж. Гарвард бизнес мектебінің профессоры Теодор Левиттің "The Globalization of Markets" атты еңбегі арқылы танылған)[2], оның түп тамырының тереңде жатқанын Македониялық Ескендір, Атилла, Шыңғыс хан секілді тарихтағы ұлы қолбасшылардың әлемге өз үстемдігін жүргізіп, ортақ тіл, мәдениет пен құндылықтарды қалыптастыруға тырысқандығынан байқауға болады.[3]
Бүгінде әлемдік мәдениетке еуропа-американдық мәдениеттің "мысы" басым болуы қалған елдерді таңдау алдына қояды. Яғни ол мемлекеттер батыстың құндылықтарын, мәдениетін қабыл алып, аумалы-төкпелі заман ағымында "суға кеткен тал қармайдының" кебін киіп, жаһанданады, не өздерін батыс ықпалынан шығарып алу үшін томаға-тұйықтық, жабықтық стратегия ұстанады.
Алайда соңғылары таңдаған саясат бүгінгі заман талабына сай болмауына байланысты көп елдерге тиімсіз. "Адамның күні адаммен" демекші, сайып келгенде интеграциялану құбылысы – табиғи үрдіс. Оны жасанды түрде тоқтату елді әлемдік экономика, технология, ғылым тәрізді маңызды салалардан хабарсыз етіп, мемлекеттің дамуын кешеуілдетеді.
Жабық есік саясатын ұстанған Жапония мемлекетінің өзі соңында "шығыстық мораль – батыстық техника" принципін дұрыс деп тапқан болатын.[4] Ал бүгінгі таңда өзге мемлекеттерден өзін оқшаулаған елге Солтүстік Кореяны жатқызуға болады.[5] Экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік жағдайы басқалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен дәрежедегі елдің қазіргі ахуалы өзге елдердің тез дамушы салаларымен бәсекеге түспегендіктің салдары деп ойлаймын.
Дегенмен, жаһандану құбылысы жер бетіндегі ұлт пен ұлыстардың сан алуандығына байланысты даулы тақырып болып қала бермек. Жаһандануды даттаушылардың пікірінше, бұл үрдіс әр түрлі халықтың ұлттық идеяларының, менталитеттерінің жоғалуына алып келеді.
ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ ИНТЕГРАЦИЯҒА ӘСЕРІ
Менталитет ұғымы
Менталитет мәселесімен тұңғыш айналысқан психоаналитиктердің бірі Карл Густав Юнг өз еңбектерінің бірінде менталиеттің ұрпақтан-ұрпаққа ұжымдық бейсаналық түрінде беріліп отыратынын, жекелеген ұлт өкілдерінің ойлау жүйесінде, іс-қимылдарында, мінез-құлқында, құндылықтарды қабылдау ерекшеліктерінде байқалатынын айтып өткен.[6]
Батыс және Шығыс өркениеттері арасындағы диалог
Объективті түрде жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар, мәдениеттер мен өркениеттердің өзара байланысып, тәжірибе алмасып жатады. Мәселе – ол байланыстың мазмұны, сипаты және салдарында. Мәселен, XIX-XX ғасырлардан жалғасып келе жатқан Батыс және Шығыс өркениеттері арасындағы диалог қайшылыққа толы екенін бәріміз де білеміз. Батыс халықтары Шығыс халықтарына өктемдікпен қарап, өз менталитеттерін күшпен, не айламен таңуы нәтижесінде Шығыста "батыстану" құбылысы етек алды. Алайда Батыс отаршылары Шығыс ұлттарының ассимиляциясын қаласа, Шығыстың озық ойлы өкілдері соған қарамастан бұл диалогты гуманистік, адамгершілік сипатқа бұруға тырысты.[7]
Мұның себебін орыс халқының белгілі ойшылы В.Соловьевтің пікірімен түсіндіруге болады. Оның ойынша, халықтың ең озық өкілдері сол халықтың өкілі, төл перзенті ретінде отандастарының мінезін, өмірін терең үңіліп зерттеу арқылы ұлттық менталитетті анықтауға және қажет болса оны трансформациялауға, жетілдіруге тікелей ықпал етіп, сол процесті өз жауапкершілігіне алған. [8]
Батыс пен Шығыс жағдайында Шығыс ғұламалары өз халықтарының дүниеге деген көзқарасын өзгертуге тырысты, себебі олар Батыстың дамыған елдерінен ілім үйренуге тырысты, осылайша халықты сауаттылыққа жетеледі. Кейіннен олардың бұл позициясын Батыс елдерінің белгілі бір прогрессивтік көзқарастағы қайраткерлері де қолдап, үн қосты. М.Ганди, Дж.Неру, Ататүрік, қазақ даласында әуелі Абай, кейіннен А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Шоқай, т.б. халық ұлдары ұлттық мәдениет пен менталитеттің өзгермей қалмайтынын дәлелдеп, ұлттық менталитеттің ең асыл, қайталанбас, құнды "өзегін", яғни тілін, дінін, дәстүр-мәдениетінің өміршең тұстарын сақтай отырып, оларды тіпті өз бастарын құрбан етуге дейін барып қорғауды мақсат етіп, бірақ "тозығы" жеткен әдет, ұлтты артқа сүйреп, кері жетелейтін мінез-құлық стереотиптерінен тазартуды, өзге ұлттардың тәжірибесін ұтымды пайдаланып, бойына сіңіруін өзекті мәселеге айналдырды.[9] Бір сөзбен айтқанда, ұлы реформаторлар ретінде олар өз ұлтын жаңаша ойлауға, басқалармен бірге дамудың жаңа сатысына аяқ басуға шақырып, әлемдік жаңалықтардан хабардар, сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар санының көбеюіне ықпал етті.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСІН ЗЕРТТЕУ
Зерттеу сұрақтары
XXI ғасырды тарихтың күрделі бір кезеңі, үлкен қоғамдық-саяси, мәдени өзгерістер орын алатын дәуір деп санауға әбден болады: барлық салаларда жаппай жаһандану үрдісі орын алуда. Дәл осындай маргиналды кезеңде халықтың үрейсіз, байбаламсыз, мейлінше аз құрбандықпен, өз келбетін жоғалтпай жаңа бір секіріс жасауына жағдай тудыру үшін белгілі бір реформалар қабылданып, ғаламдық интеграцияға дайындық жұмыстары жүргізіліп, еліміздің мәдени, экономикалық даму қарқыны сияқты бірқатар факторлардың әсерін ескере отырып, мейлінше тиімді стратегия жоспарлануы керек. Ол үшін ең әуелі жергілікті тұрғындардың көтеріліп жатқан мәселеге деген көзқарастарын анықтап, қажет болған жағдайда халықтың ой-пікірін дұрыс арнаға бағдарлау мақсатында төмендегі зерттеу сұрақтары бекітілді:
Жаһандану үрдісінің жақсы жақтары мен кері әсерлері туралы ел тұрғындары не біледі?
Жаһандану заманындағы Қазақстанға ең тиімді позиция қандай?
Жаһанданудың шектеуші факторларының бірі ұлттық менталитет әсерінен интеграцияның баяулауының салдары қандай болмақ?
Зерттеу әдістері
Зерттеу жұмысында қолданылған ақпараттардың сенімді екеніне көз жеткізу үшін ғаламтор беттеріндегі ақпараттар өзге дереккөздердің мәліметтерімен салыстырылып, тексеріліп отырды. Мағлұматтардың басым бөлігі Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты секілді сенімді ақпарат көзі болып табылатын ресми сайттардан және кітаптардан алынды.
Зерттеу жұмысының практикалық бөлімінде дереккөздерден алған мәліметтерге сүйене отырып сауалнама және сұхбаттың негізгі сұрақтары құрастырылды. Ғаламтор беттерінде немесе кітаптарда курстық жұмыстың тақырыбына сай келетін сандық ақпараттың қолжетімсіздігіне байланысты сұхбат арқылы алынған сапалық деректермен қоса сауалнама арқылы сандық зерттеулердің алыну маңыздылығы арта түсті.
Сауалнама аудиториясы таңдалғанда респонденттердің Қазақстан халқының көпшілік бөлігіне ортақ пікірді көрсетуі үшін олардың жас ерекшеліктерінің, жұмыс істеу сфераларының, тұрғылықты орнының әртүрлілігіне баса назар аударылды. Сауалнама ғаламтор желісі арқылы жүргізілді. Себебі еліміздің әр түрлі аймақтарындағы тұрғындардың да ой-пікірін білу маңызды болды. Зерттеу барысында мүмкін болатын қиындықтарға шолу жасалып, алдын-алу шаралары қарастырылды. Мәселен, бүгінде ел тұрғындарының көбіне ғаламтор желілері қолжетімді болғанымен, жасы үлкен адамдардың ғаламторды қолдана алмауына байланысты олардың отбасы мүшелерінің көмектесуіне өтініш білдіріп, кейбір сауалнамаларды телефон арқылы жүргізу қажеттілігі туындады.
Ең алдымен олардың жаһандану жайлы білетіні, не білмейтіні анықталды, осылайша сауалнама зерттеліп жатқан мәселе туралы жеткілікті ақпаратқа ие адамдармен ғана жалғастырылды. Бұл арқылы респонденттердің жауаптарының сенімділігіне көз жеткізуге болады. Нәтижесінде сауалнамадағы бастапқы респонденттер саны біршама төмендеді. Жоспарланған 60 адамның 47-сі жаһандану үдерісі туралы хабардар екенін айтса, қалған 13 адам бұл мәселе жайлы естуі бар болғанымен нақты ақпаратқа ие емес екендігін білдірді.
1-диаграмма. Респонденттер арасындағы жаһандану үдерісінің танымалдылығы

Сауалнама барысында жауап берушілерден жаһандану үдерісінің жақсы әсерлері мен кері тұстарын атау сұралды. Олар жаһанданудың жағымды жақтары ретінде төмендегілерді көрсетті:
ел экономикасының дамуы;
білім мен ғылымға деген ұмтылыстың артуы;
туризмнің дамуы;
технологиялық жетістіктер;
барлық салалардағы бәсекеге қабілеттіліктің артуы, нәтижесінде сапа деңгейінің жоғарылауы.
Ал келесілерді жағымсыз әсерлері деп тапты:
ұлттық құндылықтардың жойылуы;
батыстық мәдениеттің әсерінен өз мәдениетіміздің ассимиляцияға ұшырау қаупі;
жаһандану пайдасын тек трансұлттық компаниялардың көруі;
интеграция әсерінен ұлтаралық қақтығыстардың туындау қатері.
Осылардың барлығын саралай келе респонденттердің басым бөлігі (61.7 %) "Қазақстанның бұл үрдістен алатыны көп, сол себепті жаһанданудың жақсы жақтарын қабылдай білу керек" деген пікір білдірсе, 29.79 %-ы ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалмас үшін бұл үрдісті қолдамайтындықтарын жасырмады. Ал қалған 8.51 %-ы, яғни 4 респондент "Бұл мәселе жөнінде саясаткерлер мен билік басындағылар ойлануы тиіс" деп есептейді.
2-диаграмма. Жаһандану кезіндегі Қазақстанға ең тиімді позиция қандай?

Байқағанымыздай, сауалнамашылар жаһанданудың бірнеше жақсы-жаман тұстарының астын сызып берді. Дегенмен, бұл үрдістің руханиятқа, ұлттық менталитетке әсерін талдап, таразылау үшін осы мәселенің жайына қанық адамдар қажет болды. Сондықтан бірнеше кісіден сұхбат алу ұйғарылды.
Қоғамның түрлі өкілдерінің жаһандануға деген көзқарастарын білу үшін сұхбаттасушыларға бірдей сұрақтар қойылды. Олардың да жас ерекшеліктеріне назар аударылды, алайда бетпе-бет сұхбат алу мақсатында сұхбаттасушы үш адам да Оңтүстік Қазақстан облысынан, оның ішінде екеуі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен таңдалынып алынды.
Аты аталған мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Алтынбекқызы ұлттық менталитеттің ғаламдық интеграцияға әсері жайлы құнды ойларымен бөлісті. Екінші сұхбат сол мектептің директоры Балқан Маратұлынан алынды. Өз ойымен бөліскен тағы бір сұхбаттасушы зейнет жасындағы адам болды. Зейнеткерлікке дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының бірқатар мектептерінде география пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, кейіннен ауылдық округ әкімі болған Садық Әбдірашұлы өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, жаһандану үрдісінің ел өміріне әсері жайлы көп жәйттың басын ашып берді.
Зерттеу қорытындысы
Ғаламтор арқылы жүргізілген зерттеу жұмыстары жоғарыда қозғалған маргиналдық жағдайдан шығудың үш түрлі жолын анықтап берді. Біріншісі – табиғаттың соқыр заңына мойынсұнып, өзге мәдениетті толықтай қабылдап, өз мәдениетінен бас тарту, яғни ассимиляция, аккультурацияға ұшырау. Екіншісі – "қайтадан оралу" – өз дәстүріне қайта оралып, үстем мәдениетке мүлдем қарсы болу, және де бұл жағдайда еш тәжірибе алмай оралу. Ал үшінші жолы – саналы топтың осы сын жағдайды дұрыс пайдаланып, рухани ізденіс, жасампаздық арқылы өз мәдениетінің өкілі болып қала беріп, бірақ та метрополия мәдениетінің, басқа ұлттар тәжірибесінің озық жерлерін бойына сіңіріп, сол арқылы төл мәдениетті, дәстүрді жаңа сатыға көтеру, өміршеңдігін арттыру, шындап биікке көтеруді іске асыру.[10] Соңғысы американдық социолог Э.Стоунквист толықтырып енгізген идея және нақтылы Азия, Африка елдерінің тәжірибесінен алынған.[11]
Қарапайым халықтың бұл тұрғыдағы ой-пікірлерін сұрағанымда, олардың көпшілігінің "Жаһандану кезіндегі секіріс ұлттық мәдениетке тек кері әсерін тигізеді" деп ойлайтынын аңғардым. Басқаша айтқанда, олар жоғарыда қаралған қазіргі өтпелі кезеңнен шығудың үш түрлі баламасының тек бір ғана жолын шешім деп түсінеді. Яғни, мәдениетіміздің ассимиляциясынан басқа жолды көре алмайды. Және де мұндай пікір білдірушілердің көп бөлігін жасы 45-тен жоғары азаматтар құрайды. Бұл дегеніміз орта буын өкілдерінің дүниетанымында әлі де посткеңестік менталитеттің инерциясы сақталғандығын білдіреді.
Сұхбаттасушылардың ойында да бөлініс байқалды, өйткені, "ары тартсаң арба сынатын, бері тартсаң өгіз өлетін" екіұшты мәселеге келгенде біржақты пікір айту мүмкін емес. Дей тұрғанмен, олар белгілі-бір дәрежеде дұрыс деп тапқан тиімді ұсыныстарын ортаға салды.
Мысалы, Балқан Маратұлының ойынша, жаһандану кезінде біз ұлтымызға тән қасиеттерімізді жоғалтпауымыз қажет, бірақ жалқаулық, кертартпалық сияқты ұлттың қанына сіңіп кеткен кей әдеттерден барынша тезірек арылуға тиіспіз. Себебі бұл қасиеттер елдің экономикалық дамуын тежейді. Ал мәдени жаһандану үрдісі уақыт еншісінде болғандықтан, біз бірден дамудың бірнеше сатысын артқа тастап кете алмаймыз, сол себепті өзімізде бұрыннан қалыптасқан мәдениет пен өркениетті одан әрі өрлетіп, өзге мәдениеттердің жақсы тұстарын қабылдай білгеніміз дұрыс.
Садық Әбдірашұлы бірнеше келелі мәселелерге тоқталып, олардың себеп-салдарын талдап берді. Оның пікірінше, жаһандану ғылым мен технологияның дамуына жол ашқанымен, дамушы мемлекет ретінде көп нәрседен ұтылуымыз ғажап емес. Қазіргі таңдағы ағылшын тілінің үстемдігін мысал еткен ол ақпараттық технологиялар тілін меңгеру арқылы еліміздегі білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырғанымызбен, өз тіліміздің қолдану аясының тарылуы тәрізді мәселелер де туындауы бек мүмкін екендігін баса айтты. Сондай-ақ, ол сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп келе жатқан дәстүрлі әніміздің, күйіміздің болашағына алаңдайтыны жайында сөз қозғады. Ол эстрадамызда заманауи нақыштағы әндердің болуына сын айтпайды, бірақ дәстүрлі халық әндерінің ұлттық өнерімізбен "үш қайнаса сорпасы қосылмайтын" мәнермен айтылуын дұрыс емес деп есептейді, өйткені әр халықтың ұлттық өнері өз деңгейінде келесі ұрпаққа жеткізілуі тиіс деген пікірді алға тартады.
Жанна Алтынбекқызымен болған сұхбаттан да көп нәрсеге қанық болдым. Ол ұлттық дәстүрлерді қадірлейтін, бірақ заман көшінен қалмауға тырысатын адамдар қатарынан. Курстық жұмыстың негізгі сұрақтарына ұтымды жауап беріп, тұшымды ой айтқан ол өзінің жеке пікірін нақтылауда бірнеше мысалдар келтірді. Оның ойынша, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін пайдаланып, нағыз патриоттарды тәрбиелеп шықсақ, және ел тізгіні келешекте сол ұлтының тағдырына немқұрайлы қарамайтын ұрпақ қолында қалса ғана Қазақстан әлемдік аренада өз орнын белгілеген мемлекет болып қалады. Алайда кейбір асырасілтеушіліктерден іргемізді аулақ салғанымыз дұрыс. Ұлттық мәдениетке әр түрлі тұрғыдан қарай білген адам оның уақыт өте өзгерістерге ұшырайтындығын да жақсы түсінуі тиіс. Бүгінде заманымызға сай мәдениеттің қалыптасқан нормалары, әлемдік стандарттары бар. Мәселен, қазіргі таңда "ұлтпыз" деп ұрандағандар жұмыс орнына машина емес, ат мініп бармайды ғой, сол сияқты шын патриоттар күнделікті өмірде үнемі ұлттық көйлек киеді деген сөз емес. Біздің өзге мәдениеттерден енген этикеттерді қабылдауымыз біздің ұлттық діңгегіміздің әлсіздігін емес, керісінше біздің дұрыс мәдениет үлгілерін қабылдай білетінімізді көрсетеді.
Тағы бір мәселе – дәстүрлі әндерге заманауи стильдегі элементтердің қосылуы турасында да Жанна Алтынбекқызы келесі пікірді білдірді:
"Мен бұл мәселеге кәсіби тұрғысынан қарауымыз керек деп ойлаймын. Егер кәсіби тұрғысынан қарасақ, мұның шешімі бар. Мысалы, қазақтың музыкасы – домбырамен айтылған ән, күй – жанды музыка. Оны теледидардан шығарғанымен бәрібір жанды дауыстың әсерін бере алмайды. Сол себепті біз қазақ музыкасын басқаларға тыңдату үшін, сол арқылы ұлттық ерекшеліктерімізді көрсету үшін оны әрлейміз, теледидарлық үлгісін дайындаймыз. Ол біздің ұлттық музыкамызды жою, не болмаса домбырамыздың нақышын өзгерту мағынасында емес, ол – музыканы жеткізу формасы. Ал енді сынға ұшырап жатқандар шектен шығып кеткендер деп ойлаймын. Өте жақсы форматта жеткізіп жатқандардың қатарынан "Ұлытау" тобын көруге болады."
Бағалау
Сауалнама мен сұхбат барысында жинақталған мағлұматтар зерттеу жұмысының сұрақтарына нақты жауап алуға көмектесті. Зерттеу барысында бар болғаны 47 адамнан сауалнама алу мүмкін болғанының басты себебі қозғалып отырған мәселе жайлы толық ақпаратқа ие тұрғындардың санының аздығы болды. Болашақта зерттеу жұмысын әрі қарай дамытар болсам ел азаматтарының арасында жаһандану жайлы дұрыс түсінік қалыптастыруды және бүгінгі келелі істен ертеңгі кемел келешекті көре алатын, елдің жарқын болашағы жолындағы жасампаздықты қолдайтын ұрпақты дайындаудың жолдарын анықтауды мақсат етіп отырмын.
Зерттеу жұмысы жаһандық интеграциядан жасқанбай, керісінше оның елімізге беретін пайдалы жақтарын барынша іске асырып, ал тиімсіз тұстарын айналып өтудің жолдарын іздестіру керектігін айқындап берді. Ал бұл мақсатқа жету үшін қазіргі қалыптасқан жағдай мен болашақтағы жоспарланған қоғамды салыстырып, қазіргі проблемалық зоналарды, дамуға бөгет болып жатқан мүмкін кедергілерді анықтап, алға қойылған мақсатқа жету үшін қандай стратегиялар жүзеге асырылуы тиіс екенін талдау қажет. Бұл үшін GAP-талдау қолданылды.
Талдау нәтижесі төмендегідей болды.
1-кесте. GAP-талдау нәтижесі.Ағымдағы жағдай Қазақстандағы 14 жастан жоғары азаматтардың 78.33 %-ы жаһандану үдерісінен хабардар, оның 61.7 %-ы бұл үдерістің жақсы жақтарының басым екенін және елдің дамуына қажет екендігін түсінеді.
Күтілетін нәтиже 14 жастан асқан азаматтардың 90 %-ы жаһандану үдерісінен хабардар және олардың барлығы дерлік бұл құбылыстың елімізді айналып өтпейтінін, сол себепті оның тиімді тұстарын максималды түрде пайдалана білуіміз керектігін жақсы ұғынады.
Болжам Егер әр адам айналасындағылардың кейбір кертартпа көзқарастардан арылуына ықпал етсе, онда бұл нәтижеге аз уақыттың ішінде жетіп қана қоймай, Қазақстанның экспоненциалды түрде дамуына жағдай жасауға болады.
Жоспар Жаһандану туралы дұрыс түсінік қалыптастыруда мұғалімдердің, саясаткерлердің рөлі жоғары болғандықтан, олардың оқушыларға, жалпы тұрғындарға осы мәселе тұрғысында дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіне мән берілуі тиіс. Мектептерде адамзат алдындағы түйткілді мәселелер туралы ой қозғайтын, оқушылардың сыни тұрғыда ойлауын қалыптастыратын, ел саясатын талқылайтын жиындар мен үйірме жұмыстары жүргізіліп, клубтар жұмыс жасауы керек, сонда бәсекеге қабілетті, ел тағдырына деген жауапкершілікті сезіне алатын азаматтар тәрбиеленіп шығады.
Сұхбат барысында алынған материалдар зерттеу жұмысының негізгі сұрағына жауап беруге көмектесті деп ойлаймын. Яғни ұлттық менталитеттің кейбір тұстарының еліміздің дамуына шектеуші фактор болатындығын, оның салдары көп салалардан замана көшіне ілесе алмай қалуымызға әкелуі әсте мүмкін екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Елбасымыз XXI ғасырдағы жаһандық он сын-қатердің бірі деп тарихи уақыттың жеделдеуін атаған болатын.[12] Оның жаһандану үрдісінің қарқынына әсер етпей қоймасы анық. Бұл дегеніміз дүйім жұрт ғаламдануды жарыса талқылап жатқанда-ақ оның күнделікті тіршілікте, нарықта, ғылым мен технолоиялардың дамуында көрініс беретіндігін білдіреді. Ең басты мәселе бұл үрдіске менталитетіміздің бейімделіп үлгеруінде болып тұр. Себебі жаңа нарықтық құндылықтарды менталитет деңгейінде бекіту – уақыт ісі.
Бұл жолдағы басты бағыттардың бірі осы жаңа құндылықтарға деген ішкі қажеттілікті қалыптастыру болып табылады. Ол үшін көпке ортақ стереотиптер мен қалыптасқан стандарттарды, ойлау формалары мен құндылықтарға деген дәстүрлі қатынастарды жаңа өмір талабына сай бейімдеудің маңызы зор.
XX ғасырда ортақ идеяны дәріптеп, халық санасына таңу үшін сыртқы тетіктер, яғни қинау, мәжбүрлеу, жазалау кеңінен пайдаланылды. Кейін бұлардың барлығы үйреншікті әдіске айналып, сол кездегі менталитеттің ажырамас сипатына айналды. Басқаша айтқанда, "үйретілген" менталитет қалыптасты. Кешегі қоғамдық ойдың басты кемшілігі де осы болатын.
Сондықтан менталитетті трансформациялаудағы басты принцип қиратып жою, деструктивтік емес, керісінше жасампаздық, конструктивтік, негізде жүргізілуі тиіс. Яғни өз мәдениетіміздің ұйытқысын бұзбай, тек ескірген, заман талабына сай келмейтін стереотиптердің сарқыншақтарын, атап айтқанда, қоғамдық кертартпалық, тіршілікке қажетті кәсіптерді меңгеруге деген енжарлық, мансапқұмарлық, жемқорлық және кезінде Абай атамыз айтып кеткен басқа да жаман қасиеттерімізден арылу арқылы өзге мәдениеттердің жақсы жақтарын бойымызға сіңіруіміз қажет.
Бұл жобалық жұмыспен мен өз мәдениетімізді жоққа шығаруға тырыспаймын. Біздің мәдениетіміздің, әдеп сақтау нормаларымыздың көпшілігі көпке ортақ мәдениетпен үндеседі, тіпті кейбір дәстүрлеріміз ешбір елде кездеспейтін, даналықпен ұштасқан, тәрбиеліліктің, тектіліктің озық үлгісі деп білемін. Менің дәлелдегім келгені – ұлт менталитетінің консервативті еместігі, яғни түрлі тарихи оқиғаларға байланысты өзгеріп, жаңарып отыруы.
Бүгінгі таңда елдегі жүргізіліп жатқан саясаттың айқын бағыты бар. Елбасының үздік отыздыққа апарар "100 нақты қадам" реформасы – соның айқын дәлелі. Көптеген елдердің көзі ашық зиялы қауым өкілдері өз елдерінде нақ осындай реформалардың басталуын армандап отыр.[13] Бес бағыт бойынша дайындалған реформаның басты мақсаты – кемел келешегіне деген сенімі мол, бәсекелестіктен тайсалмайтын, жемқорлықтан ада, патриот азаматтардың Отанына айналу. Бұл үшін Қазақстанның даму жолында жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс жасап, өзге елдермен тереземізді тең ұстауға ұмтылып қана қоймай, олардың озық жерлеріне қарап бой түзеп, кемшіліктерімізден арылуға күш салғанымыз абзал.
Экономикасы мен мәдениеті дамыған елдермен тәжірибе алмасу интеграциялануды талап етеді. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясындағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті" тақырыбында сөйлеген сөзінде былай деген болатын:
"XXI ғасыр – интеграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу – заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз – дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция – ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелестік қабілетімізді шыңдайды."[14]
Елбасымыздың бұл сөздерін еліміздің әрбір азаматына толық жеткізу үшін жоғарыда айтып кеткендей мектептерде, жоғары оқу орындарында ғаламдық мәселелерді талқылайтын, өскелең ұрпақтың сыни тұрғыда ойлауын қалыптастыратын, ел саясатының бағыты жайындағы жиындар мен үйірме жұмыстары жүргізіліп, дебат клубтары ашылса деген ұсыныс білдіремін.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
[Жаһандану — Уикипедия, қазақша ашық энциклопедия]( HYPERLINK "https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%96%D0%B0%D2%BB%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D0%BD%D1%83" https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%96%D0%B0%D2%BB%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D0%B0%D0%BD%D1%83)
[Theodore Levitt. The Globalization of Markets](Harvard Business Review, May-June, 1983, pp.92-93)
[Жаһандану және ел тағдыры](http://massaget.kz/blogs/6896/)
[Внешняя политика сёгуната Токугавы — bibliotekar.kz - Казахская электронная библиотека](http://bibliotekar.kz/vsemirnaja-istorija-za-8-klass-1640-1914/vneshnjaja-politika-syogunata-tokugavy.html)
[Корей Халық Демократиялық Республикасы — Уикипедия, қазақша ашық энциклопедия](https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D0%BE%D1%80%D0%B5%D0%B9_%D0%A5%D0%B0%D0%BB%D1%8B%D2%9B_%D0%94%D0%B5%D0%BC%D0%BE%D0%BA%D1%80%D0%B0%D1%82%D0%B8%D1%8F%D0%BB%D1%8B%D2%9B_%D0%A0%D0%B5%D1%81%D0%BF%D1%83%D0%B1%D0%BB%D0%B8%D0%BA%D0%B0%D1%81%D1%8B)[Юнг К.Г. Метаморфозы и символы либидо](Восточно-Европейский Институт Психоанализа, 1994)
[Құдабаев А.Ж. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің ерекшеліктері](Вестник КазНУ, 2004, 57 б.)
[Владимир Соловьев: Константин Мочульский](http://krotov.info/library/18_s/solovyov/mochul_01.html)[Құдабаев А.Ж. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің ерекшеліктері](Вестник КазНУ, 2004, 59 б.)
[Құдабаев А.Ж. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің ерекшеліктері](Вестник КазНУ, 2004. 60 б.)
[Стоунквист Э.В. Маргинальный человек: Исследование личности и культурного конфликта](Личность. Культура. Общество. 2006. Т. VIII. Вып. 1. С. 936)[Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты]( HYPERLINK "http://www.akorda.kz/kz/events/astana_kazakhstan/participation_in_events/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-elbasy-nenazarbaevtyn-kazakstan-2050-strategiyasy-kalyptaskan-memlekettin-zhana-sayasi-bagyty-atty-kaza" http://www.akorda.kz/kz/events/astana_kazakhstan/participation_in_events/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-elbasy-nenazarbaevtyn-kazakstan-2050-strategiyasy-kalyptaskan-memlekettin-zhana-sayasi-bagyty-atty-kaza)
[Заман қайда бет алды? | Егемен Қазақстан](http://egemen.kz/2016/02/12/23670)[Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзі — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты](http://www.akorda.kz/kz/speeches/internal_political_affairs/in_speeches_and_addresses/page_216502_)

Приложенные файлы

  • docx 5962464
    Размер файла: 153 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий